Алдымен ғалым докторантураның мәні студентке дайын зерттеу тақырыбын ұсынып, белгілі бір нәтижеге жеткізуде емес. Ең маңыздысы оның өзіне қызық ғылыми мәселені тауып, оны зерттеудің жолын меңгеруі деп атап өтті.
– Көптеген оқытушы докторантураның мақсаты студенттердің өз зерттеулеріне көмектесіп, ғылыми мақалалар жариялауы деп ойлайды. Бірақ оның шынайы мақсаты – студенттерге зерттеу жүргізуді үйрету. Ал мұндағы ең маңызды дағды зерттейтін мәселені дұрыс таңдай білу, – деді Джон Хопкрофт.
Ол өзінің ғылыми жетекшілік тәжірибесінде студенттеріне дайын тақырып беруге тырыспағанын айтты. Керісінше, олардың өз идеяларын іздеуіне мүмкіндік берген.
– Мен студенттерге не істеу керегін ешқашан тікелей айтпайтынмын. Олардың жұмысы қалай жүріп жатқанын сұрайтынмын. Егер бір бағыт нәтиже бермесе, тағы қандай мәселелер қызықтыратынын бірге талқылайтынбыз. Осылайша олар өз зерттеу бағытын біртіндеп анықтап, өздері қалаған шешімге келетін, – деді ғалым.
Хопкрофттың айтуынша, оның жетекшілігімен жұмыс істеген студенттердің кейбір диссертациялары бастапқыда аса ірі ғылыми жаңалық болып көрінбеуі мүмкін. Алайда оның мақсаты студентке дайын ғылыми нәтиже жасату емес, оны зерттеуші ретінде қалыптастыру болған.
– Үш жыл ішінде студенттер қандай нәтижеге жетсе де, мен олардың дәрежесін алуына мүмкіндік беретінмін. Себебі олар зерттеу жүргізуді үйренді. Кейін олардың екеуі Тьюринг сыйлығын алды. Бұл информатика саласындағы Нобель сыйлығына балама саналатын марапат, – деді ол.
Ғалым бір уақытта бір ғана докторантпен жұмыс істегенін атап өтті. Бұл оған студенттің зерттеуіне ғана емес, оның мәселені қалай қоятынына және ғылыми бағытты өз бетінше қалай таңдайтынына көңіл бөлуге мүмкіндік берген.
Сонымен қатар Джон Хопкрофт жоғары білім беру жүйесінде университеттің негізгі міндеті қалай түсіндірілетініне де тоқталды.
Оның пікірінше, университетті тек ғылыми зерттеу жүргізетін орын ретінде қарастыру жеткіліксіз.
– Университеттің басты міндеті зерттеу жүргізу емес, келесі буын таланттарын тәрбиелеу. Студенттерге өздерін шын мәнінде не қызықтыратынын түсінуге және сол қызығушылығына сәйкес мансап құруға көмектесу қажет, – деді ол.
Ғалымның пайымынша, университетте алынған білімнің бәрі бірдей кейінгі кәсіби қызметте тікелей қолданылмауы мүмкін. Бірақ жоғары оқу орнында қалыптасатын дағдылар адамның еңбек жолында маңызды рөл атқарады.
– Студенттер университетте ең алдымен жұмсақ дағдыларды меңгереді. Олар басқа адамдармен жұмыс істеуді, мәселеге дұрыс көзқарас қалыптастыруды, өз ойын жеткізуді және тиімді қарым-қатынас орнатуды үйренеді. Менің ойымша, ең маңызды дағдылардың қатарында осылар бар, – деді Джон Хопкрофт.
Сөз соңында ғалым технология саласына бет бұрған жастарға мамандық таңдауда өз қызығушылығына сүйенуге кеңес берді.
– Әр адамның өмірі біреу ғана. Сондықтан оны босқа өткізбеу керек. Өзіңізге не ұнайтынын анықтап, мансабыңызды сол қызығушылыққа сай құрыңыз. Білім берудің негізгі мақсаты да – осы, – деді Джон Хопкрофт.
Бұған дейін Қазақстанда өткен хакатон жас IT мамандарға жаңа серпін бергенін жазғанбыз.