Білім беру грантын бөлуде квота қарастырылған: оны кімдер алады

АСТАНА. KAZINFORM – Конкурс нәтижелері жарияланғаннан кейін түрлі сұрақ туындауы заңды. Осыған орай Ғылым және жоғары білім министрлігі мәлімдеме жасады.

Коллаж: Kazinform/ИИ

Мемлекет азаматтардың жекелеген санаттары үшін білім беру гранттарын бөлуде квоталар қарастырады. Оларға көпбалалы отбасылардан шыққан балалар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, мүгедектігі бар азаматтар, ауыл жастары және заңнамада белгіленген басқа да санаттар жатады.

Министрлік мәліметінше, квота бойынша конкурс өткізіліп, ең жоғары нәтиже көрсеткен талапкерлерге грант беріледі.

– Әр квота бойынша талапкерлер арасында жеке конкурс өткізіледі. Сондықтан әр санаттағы өтпелі балдың әртүрлі болуы – грант саны мен конкурсқа қатысушылардың нәтижелеріне байланысты. Маңыздысы, квота грантты автоматты түрде алуды білдірмейді. Әр квота шеңберінде де конкурс өткізіліп, грант ең жоғары нәтиже көрсеткен талапкерлерге беріледі, - деді министрліктен.

Сонымен қатар ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру комитеті төрағасының орынбасары Жанна Есінбаева түсіндіргендей, білім беру грантын алу байқауына қатысу үшін үміткер Бірыңғай ұлттық тестілеуден (ҰБТ) белгіленген шекті балл жинауы керек. Дегенмен жоғары оқу орындары мен білім беру бағдарламаларына қосымша талаптар қойылуы мүмкін.

– Біріншіден, ҰБТ-ның белгіленген шекті баллы байқауға қатысу үшін шарт болып табылатынын еске салайын. Сонымен қатар нақты өту балы тікелей конкурстық бөлу процесінде анықталады және гранттар саны мен қатысушылардың нәтижелеріне байланысты болады, - деп атап өтті спикер.

Ғылым және жоғары білім министрлігі ҰБТ нәтижелері тең болған жағдайда үміткерлердің реті қалай анықталатынын бөлек түсіндірді.

Мұндай жағдайларда заңмен белгіленген артықшылық құқығы қолданылады. Атап айтқанда, тең дауыс болған жағдайда келесілер басымдыққа ие:

— «Алтын белгімен» марапатталғандар;

— патриотизмі мен белсенді азаматтық ұстанымы үшін төсбелгімен марапатталғандар;

— біліктілігін растаған және мамандығы бойынша кемінде бір жылдық жұмыс тәжірибесі бар техникалық, кәсіптік және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мекемелерінің түлектері.

Егер осы критерийлерді қолданғаннан кейін балдар тең болып қалса, білім беру құжатының (сертификат, диплом) орташа балы ескеріледі. Егер балдар тең болып қалса, тиісті пәндер бойынша нәтижелер ескеріледі.

Қазақстандық ЖОО-лар талапкерлерге 2 мыңнан астам қосымша грант ұсынғанын жазған едік.