Білім беру мекемелерінде буллингке қарсы инновациялық жүйе енгізіледі

Фото: Pixabay

АСТАНА. KAZINFORM — Digital Bridge-де мектептер мен балабақшаларда балаларды буллингтен қорғау жөніндегі ЖИ-стартап ұсынылды 

Мектептер мен балабақшалардағы буллинг мәселесі технологиялық тұрғыда шешімін тапты. Қазақстандық Protector AI стартапы агрессия фактілерін бірден анықтап, персоналға хабарлайтын ЖИ негізіндегі жүйені әзірлеп шығарды. Digital Bridge 2025 форумында ұсынылған отандық өнім Мемлекет басшысының балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықтарын қорғау жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асырудың маңызды құралдарының біріне айналды.

Бұл жүйе мектептерде, балабақшаларда және басқа да мекемелерде бұрыннан бар бейнекамераларға орнатылып, оқиғаларға уақтылы ден қоймау мәселесін шешуге көмектеседі. Жасанды интеллект бейне ағындарды нақты уақыт режимінде талдап, агрессивті мінез-құлық белгілері анықталған кезде жауапты адамдарға бірден хабарлама жібереді. Оның маңызды ерекшелігі — барлық деректер мекеменің өзінде орнатылған ішкі серверлерде өңделеді, бұл бейненің интернетке тарап кетуіне жол бермейді.

Бүгінгі таңда аталған бағдарлама мектептер, балабақшалар және медициналық-әлеуметтік орталықтар сияқты еліміздегі 60-қа жуық мекемеге енгізілген. Болашақта тәрбиешілердің психоэмоционалды жағдайын анықтау және қаруды тану сияқты жаңа модульдерді қосу арқылы оның функционалын кеңейту жоспарлануда.

— Буллинг мәселесі, өкінішке қарай, еліміздегі білім беру мекемелерінде бар екені жасырын емес. Біздің жүйе жұмыс істеп тұрған бейнекамераларға орнатылады, жасанды интеллект бейне ағындарын автоматты түрде талдайды және жауапты адамдарға агрессивті мінез-құлықтың бар екендігі туралы хабарлайды, — деді Protector AI компаниясының жетекшісі Жасұлан Салыбаев. 

Айта кетелік Олжас Бектенов үздік отандық IT-жобалар мен цифрлық бастамаларға марапат табыс еткен еді