Білім беру несиесін кімдер ала алады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда оқу ақысын төлеуге арналған білім беру несиесі университет студенттерімен ғана шектелмейді. Бұл туралы «Қаржы орталығы» АҚ Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Фото: Kazinform/ЖИ

«Қаржы орталығы» — білім беру саласындағы уәкілетті органның операторы. Ол студенттерге тікелей несие бермейді, банктер ұсынатын білім беру несиелеріне кепілдік береді.

Орталықтың мәліметінше, мемлекеттік кепілдік беру тәртібі Ғылым және жоғары білім министрінің 2023 жылғы 27 сәуірдегі № 189 және Оқу-ағарту министрінің 2023 жылғы 24 қазандағы № 320 бұйрықтарымен бекітілген қағидаларға негізделген.

— Мемлекет кепілдігімен білім беру кредиттері техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламалары (колледждер), орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламалары (жоғары колледждер мен училищелер), жоғары білім беру бағдарламалары (бакалавриат, интернатура) және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары (магистратура, резидентура, докторантура) бойынша білім алушыларға беріледі, — делінген ресми жауапта.

Білім беру несиесін 18 жасқа толмаған талапкерлер де рәсімдей алады. Бірақ бұл үшін ата-анасының немесе өзге заңды өкілінің жазбаша келісімі қажет.

Ал тұрақты табысы жоқ студенттердің несие алу мүмкіндігін банк жеке бағалайды. Ол өтініш берушінің несие тарихын, бұрынғы қарыздары бойынша берешегін және табысын растайтын құжаттарды тексереді.

Банк қажет деп тапса, студентпен бірге қарызды өтеуге жауап беретін тағы бір адамды тартуды талап ете алады. Осылайша, білім беру несиесі әртүрлі деңгейде оқитындарға арналған. Алайда оны рәсімдеу үшін банктің талаптарына сай болу қажет.

Бұған дейін елімізде жеңілдетілген білім беру несиесі қарастырылғанын және 2025 жылдан бастап «Келешек» білім беру жинақтау жүйесі іске қосылғанын хабарлаған едік.