Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ол жаңа тәртіп тиісті нысандардың қауіпсіздігін мемлекеттік бақылауды күшейтуге мүмкіндік бергенін айтты.
– Енді нысандарға барып мониторинг жүргізуге, сондай-ақ алдын ала хабарламай тексеруге болады. Биыл маусым айында осы тәртіп аясында білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығына мониторинг жүргізілді, – деді Сархат Бейсенова.
Мониторинг мектептердің 99 пайызын, мектеп асханаларының 95 пайызын, медициналық пункттердің 96 пайызын және мектеп-интернаттардың 99,2 пайызын қамтыды.
Мониторинг нәтижесінде көптеген нысанда санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың бұзылғаны анықталды. Комитет төрағасының айтуынша, оның бір бөлігін білім беру ұйымдары жаңа оқу жылына дайындық кезінде өз күшімен жоя алады. Бұл үшін қомақты қаржы қажет емес.
Мемлекеттік бақылаудың ерекше тәртібін көздейтін заңға Мемлекет басшысы 2025 жылғы 4 желтоқсанда қол қойды. Жаңа тәртіп 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді.
– Жаңа оқу жылы қарсаңында білім беру ұйымдарының санитариялық-эпидемиологиялық жағдайына, ғимараттар мен инженерлік желілердің, асханалар мен медициналық пункттердің қауіпсіздігіне ерекше назар аударылып отыр, – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін еліміздегі 2 мыңнан астам мектеп асханасында санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың бұзылғаны анықталғанын жазған едік.