Білім беру ұйымдарына ерекше бақылау мен қадағалау жүйесі енгізіледі - Бектенов

Фото: Үкімет

АСТАНА. KAZINFORM — Осы жылдың 1 ақпанынан барлық білім беру ұйымына «тосыннан тексеру» қағидаты бойынша ерекше бақылау мен қадағалау жүйесі енгізіледі. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты.

- Бүгінде Қазақстанда шамамен 7 миллион бала өсіп келеді. Яғни, халықтың үштен бір бөлігінен астамын балалар құрап отыр. Нақты айтсақ – 34 пайыз. Еліміздің болашағы отаншыл, жасампаз ұрпақ тәрбиесіне тікелей байланысты. Сондықтан да Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда «Қазақстан балалары» бірыңғай тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды. Балаларға жан-жақты қамқорлық жасау – біздің басты басымдықтарымыздың бірі. Бұл орайда мемлекет өскелең ұрпақтың өмір сапасын жақсарту үшін кешенді шараларды қабылдап келеді, - деді Үкімет басшысы.

Оның айтуынша, «Қазақстан балалары» тұжырымдамасында білім беру, денсаулық сақтау, қауіпсіздік, әлеуметтік қамсыздандыру және отбасының әл-ауқаты саласында балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі нақты іс-шаралар жоспары қамтылған. 

- Соңғы жылдары заңнамалық база айтарлықтай кеңейтілді. Әсіресе, балаларға қатысты қылмыстық әрекеттер үшін жазаның бұлтартпас қағидаты қатаң сақталатын болады. Отбасы мәселелері, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау бойынша 111 бірыңғай байланыс орталығы іске қосылды. Оған жүгінген жағдайда міндетті түрде көмек көрсетіліп, тексеру шаралары жүргізіледі, - деді ол.

Премьер-министрдің атап өтуінше, барлық өңірде бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдер жұмыс істейді. Олар бала құқықтарының сақталуын бақылайды әрі балалар мен отбасыларға көмек көрсетеді. 

- 1 ақпаннан бастап барлық білім беру ұйымдарына «тосыннан тексеру» қағидаты бойынша ерекше бақылау мен қадағалау жүйесі енгізіледі. Бұл балаларды сауықтыру, олардың қауіпсіздігі мен тамақтану мәселелеріне қатысты. Денсаулық сақтау, Оқу-ағарту, Мәдениет, Еңбек және әлеуметтік қорғау, Туризм және Ішкі істер министрліктеріне әкімдіктермен бірлесіп, осы жылдың 30 қаңтарына дейін ерекше бақылау мен қадағалауға жататын нысандар тізілімін дайындауды тапсырамын, - деді Олжас Бектенов.

Бұған дейін Жұлдыз Сүлейменова «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын таныстырғанын жазған едік