Білім саласында цифрландыру күшейіп, бюджетте миллиардтаған қаржы үнемделді — Сыздықбеков

Фото: ОКҚ

АСТАНА. KAZINFORM — Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында білім беру саласындағы өзекті мәселелерді шешу және цифрландыру бағытында атқарылған жұмыстарды баяндады.

Әкімнің айтуынша, қалада үш ауысымды мектеп мәселесі толық шешілген. Президенттің бастамасымен жүзеге асқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 17 300 орындық 12 жаңа мектеп салынып, толығымен пайдалануға берілді.

— Биыл бюджет есебінен 4 145 орынға арналған 8 мектептің құрылысы жүргізілді. Оның ішінде № 50 мектептің 575 орындық қосымша ғимараты және Тельман шағынауданындағы 1 200 орындық мектеп пайдалануға берілді. Жергілікті бюджет есебінен 10 мектепке және № 97 балабақшаға күрделі жөндеу жүргізілді, — деді ол.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен Шымкенттегі Президент резиденциясы балаларға арналған сауықтыру лагеріне айналатын болды. Қазір нысан білім басқармасының балансына беріліп, қажетті жиһаздармен жабдықталып жатыр.

Сонымен қатар қала әкімінің айтуынша, Президенттің биылғы Жолдауында айтылған тапсырмаларды іске асыра отырып, Шымкентте білім беру жүйесін цифрландыру бағытында бірнеше жаңа жоба енгізілді.

Атап айтқанда, қаладағы барлық мектептің бейнебақылау жүйелері Полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылған. Жаңа жүйе мектептегі қауіпсіздікті, өрт және буллинг жағдайларын бақылауға, сондай-ақ оқушылардың сабаққа қатысуын қадағалап, басқару тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар әкім мектеп оқушыларын тегін тамақтандыруды бақылауға арналған цифрлық жүйе енгізіліп, екі айда 460 млн теңге бюджет қаражаты үнемделгенін айтты.

Оған қоса қала әкімі қосымша білім беру саласында шығармашылық және спорттық үйірмелерге «бір бала — бір орын» қағидасымен бірыңғай ваучерлік жүйе іске қосылды. Бұл жүйе үйірмелер сапасын арттырып, бақылауды күшейтті және 1,8 млрд теңге бюджет қаржысын үнемдеді деді.

— Білім беру саласындағы ашықтықты қамтамасыз ету және жемқорлық тәуекелдерін азайту үшін барлық ақпараттық платформалардың қаржыландыру процестерін бақылау жүйесі енгізіліп жатыр, — деді ол.

Еске сала кетейік, енді буллинг туралы ақпарат түскен жағдайда ол жауапты тұлғаға бірден тіркеледі.