Блогер ме, интернет-журналист пе?
Саясаткерлердің пікірінше, интернет ресурстарындағы әлеуметтік желілер, мессенджерлер сияқты ақпараттық кеңістіктің кейбір бөлігі мемлекеттің бақылауында жоқ. Алайда қазіргі кезде әлеуметтік желілерде отырған блогерлерден басқа онлайн басылымдарда ресми жұмыс істейтін кәсіби интернет-журналистер бар. Сондықтан ең алдымен кәсіби журналистер мен блогерлердің аражігін заңмен анықтап алу қажеттілігі туындады. Соған байланысты кейбір журналист-блогерлер Ақпарат және коммуникация министрлігіне осындай ұсыныспен шықты, деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымы.
Бүгінде электрондық техниканың дамуының арқасында ақпарат алмасу ағыны анағұрлым артты. Әлемде интернет желісі пайда болғаннан бастап онда әркім өзінің жеке блогын ашып, ақпараттар тарата бастады. Бүгінде оның тармақтары тым тереңдеп кетті. Мысалы, «Твиттер» (Twitter) пайда болғаннан кейін микро-блогтар тіпті көбейді. Кез келген мемлекетке ішкі, сыртқы саясатын дұрыс жүргізу үшін ақпарат таратудың маңызы өте зор. Осы күні ғаламтор желісіндегі ақпараттардың қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екендігін білмей дал болатын жағдайға жеттік. Бұрыннан келе жатқан газет, радио, теледидар сияқты ақпарат тарату көздері ең алдымен объективті, нақты, шынайы хабар беруді басты назарда ұстайтын. Журналистика ең ежелгі екі мамандықтың бірі болып саналады, сондықтан хабар таратудың әдіс-тәсілдері ғасырлар бойы дамып, қалыптасқан. Ал ғаламтор желілерінде өз ойларымен бөлісетін блогерлер бұл санатқа жатпайды, журналистикамен оны қатар қоюға болмайды. Заңгер Серікқали Мусиннің айтуынша, әлеуметтік желілердегі блогерлердің жұмыстарын қадағалау мүмкін емес. Олар үшін заңға өзгерістер енгізудің де қажеті шамалы, өйткені олар қоғамдық пікірлерді қалыптастыратын көлемді сараптама мақалалар жазбайды, тек қысқа ғана ақпараттарды таратады.
- Өзінің жұмысын алға жылжыту үшін әлеуметтік желілерді пайдаланатын, басылымдарда істейтін журналистер бар. Қазіргі жағдайда заңмен болмаса да, интернетпен жұмыс істейтін кәсіби журналистер мен блогерлерді ажырататын түсінік термин жасаудың қажеттілігі туды. Мүмкін, ғаламтор желілерінде жұмыс істейтін немесе оны институт ретінде пайдаланатын, кәсіби журналистер одағын құру керек шығар. Бұл эксперттік деңгейде баға беретін, дау-дамай туындаған кездерде талдайтын, медиатор ретінде ара ағайын болатын одақ болар еді. Мұндай одаққа бірігу кәсіби журналистерге бір жағынан жан-жақты қолдау көрсетсе, екінші жағынан мол тәжірибе берер еді. Өмірі, жұмысы журналистикамен байланысты ақпараттық кеңістікке қатысушыларға деген сенімнің артуына мүмкіндік береді» дейді журналист-блогер Д.Кривошеев.
Оның пікірінше, әлеуметтік желілерді белсене пайдаланатын, кәсіби мамандығы бар, өзінің желісінде өзекті әлеуметтік мәселелерді көтеріп жүргендерді блогерлер деген жалпы атаудан ажыратып, интернет-журналист деп атау керек. Кәсіби журналистерде салмақты, эмоциясыз ақпараттар беруге арнайы білімі де, тәжірибе де жеткілікті. Олар блогерлер сияқты емес, ақпарат таратудағы барлық жауапкершілікті жақсы түсінеді, заңда жазылған, жазылмаған ережелерді, тәртіпті қатаң сақтайды.
Бұдан бес жыл бұрын блогер дегеннің кім екенін ешкім білмейтін, оның немен айналысатынын әлі де көпшілік түсіне бермейді. Сондықтан журналистика мен блогерліктің аражігін ажырата білуіміз керек. Блогерлік - бұл журналистика емес. Мысалы, блогер жолдың ортасы ойылып түсіп кетсе немесе құбыр жүргізу үшін қазылған болса суретке түсіріп өзінің сайтына салады да «қала басшылығы жұмыс істемейді, көлік жүретін жолдар тозып кетті» деп қысқаша мәлімет береді. Ал журналист болса алдымен қалалық атқару органдарына хабарласып оны кім қазды, кім кінәлі және қашан жөнделетінін білгеннен кейін толықтай ақпарат беретін мақала жазады. Блогер өзі үшін жазады, автор өзінің оқырмандарымен ой бөліседі, ал журналист қалың оқырмандарға, жалпы аудиторияға арнап жазады. Блогер - көпшілік үшін моральдық ләззат алатын хобби, шамалы адамдар үшін табыс көзі, не көрді, соны жазады. Оның қолы бос кездегі ермегі, жоспарсыз жұмыс істейді және ешкімнің алдында есеп бермейді, оған ешкім шығармашылық талаптар қоймайды. Ол грамматикалық, орфографиялық заңдылықтарды да сақтауға міндетті емес, ауызекі тілде жаза береді. Блогер білікті маман, сарапшы болмаса да өз ойын жұртқа таратып, қате пікір тудыруы мүмкін. Ал журналистика - бұл жұмыс, кәсіби табыс көзі. Журналист редакцияның тапсырмасымен кез келген уақытта ақпарат алу үшін жан-жаққа сапарға шығуға дайын болады. Ол үнемі жаңа, қызықты ақпараттар мен фактілерді жинап жүреді. Журналистің айтқан пікірлері нақты материалдармен, фактілермен бекиді. Сондықтан ол ең алдымен белгілі бір фактілерге сүйеніп, табан тірейтін материалдарға сүйеніп барып іске кіріседі. Бір сөзбен айтқанда, журналистің қателесуге құқы жоқ, ал блогерге ол болады.
Журналистер мен блогерлер жұмысындағы негізгі айырмашылықтар осындай. Осы жағынан алып қарағанда интернет-журналистер мен блогерлерді ажырататын, кімнің кім екендігін білдіретін термин, түсініктерді заңмен анықтау керек деген интернет-журналистердің пікірлері орынды сияқты. Дегенмен, блогерлер қоғамда өз орнын алып, ғаламтор желілерінде кеңінен етек жайып келеді. Әлеуметтік желілер арқылы қоғамдағы кейбір бұрыс тұстарды айшықтап, келеңсіз жағдайларды халық болып талқылауға мұрындық болды. Бірақ ежелден келе жатқан журналистика мамандығын ешқандай блогерлік желілер алмастыра алмайды. Бұқаралық ақпарат құралдары дегеніміз - нақты анықталған әлеуметтік қызметі бар қоғамдық институт. БАҚ елде болып жатқан оқиғалардан хабардар ететін негізгі ақпарат көзі, оның жұмысы тұрақты процесс. Сондықтан тек бұқаралық ақпарат құралдарында ғана ресми ақпараттар жарияланатынын ұмытпаңыздар.