Блогер тауып алған қоқиқаздың бірі Алматыға жолды көтере алмай жан тапсырды

Ақтауда блогер Азамат Сәрсенбаев айлақтан тауып алып, үйінде ұстаған қоқиқаздардың қазіргі жағдайы белгілі болды, деп хабарлайды Kazinform. 

Фото: Алматы зообағы

Осыдан біраз уақыт бұрын Ақтау тұрғыны Азамат Сәрсенбаев үйірінен адасып қалған қоқиқаздың екі балапанын тауып алғанын хабарлаған едік. 

Оларды пәтерінің жуынатын бөлмесінде ұстап, теңіз өнімдерімен қоректендіріп келген. Сөйтіп жануарларға күтім жасайтын ұйым-мекемелерге хабарласып, құстарға қамқорлық жасауын өтінген-ді. 

Алматы зообағы бұл үндеуге құлақ асып, ветеринарлар қоқиқаздарды Алматыға алып кетті. 

«Біздің мамандар Ақтаудан ұшақпен қызғылт қоқиқаздың екі балапанын әкелді. Алайда олар екінші өрбіген балапан болуы мүмкін, сондықтан күш жиып, қанаты қатайып үлгермеген секілді, сондықтан тобымен бірге ұшып кетуге шамасы жетпеген. Өкінішке қарай, ондай жағдай болады, бұл қатыгез құбылыс табиғи сұрыптау деп аталады», — дейді зообақтың баспасөз қызметінен.

Жанашыр жан оларды өз пәтерінде паналатты. Бірақ қоқиқаз — ерекше құс, қорегі де, өмір салты да ерекше. Көп жылдан бері алматылық хайуанаттар бағын отаны Орталық Америка саналатын 17 қызыл қоқиқаз мекендеп келеді.