Блогерлердің жарнамалық қызметі қалай реттеледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов жарнамамен табыс табатын блогерлердің қызметіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы сұрақты министрлік сайтына желі қолданушысы Ботагөз Есениязова жолдаған болатын.

Оның айтуынша, қазақстандық блогерлердің танымалдығы олардың бизнес жүргізу құралына айналып барады.

«Тауарлар мен қызметтердің жарнамасы, оның ішінде жасырын жарнамалар да жасалады. Әрине, ақысы төленсе. Блогер қызметінің құны контенттің танымалдығы, жазылушылар саны, жарнама түріне (жасырын, видео, фото, байқау ұйымдастыру) қарай өзгеріп отырады. Яғни, мұндай қызмет тұрақты табыс әкеліп отыр. Экономикалық қызмет түрлерінің жіктеуішіне сәйкес, жарнама агенттіктері мен БАҚ-та жарнама жариялау қызметі реттеледі. Алайда, блогерлердің қызметі бұл санатқа жатпайды. Осыған байланысты, мына сұрақтарға жауап беруіңізді өтінеміз: Қазақстандағы блогерлер кәсіпкерлік субъектілері болып санала ма? Егер саналса, олардың қызметі қай нормалармен реттеледі? Саналмайтын болса, бұл қызметті реттеу бойынша қандай бір шаралар жоспарда бар ма?», - деп жазды ол.

Сұраққа жауап берген министр ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 23-бабына сәйкес, Қазақстан азаматтары, оралмандар және кәсіпкерлікпен айналысып жүрген мемлекеттік емес коммерциялық заңды тұлғалар және мемлекеттік кәсіпорындар кәсіпкерлік субъекті болып саналатынын айтты.

«Кәсіпкерлік субъекті болып саналатын жеке тұлға қазіргі кодексте қарастырылған тәртіп бойынша жеке кәсіпкер болып тіркеледі. Осыған байланысты, блогерді жеке кәсіпкер ретінде тіркеуде кәсіпкерлік субъектіне жатқызуға еш құқықтық кедергі жоқ. «Жарнама туралы» ҚР Заңы ел аумағында жарнама орналастыратын, тарататын, жасайтын жеке және заңды тұлғалардың қызметіндегі қарым-қатынастарды реттейді. Осыған байланысты, жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, кәсіпкерлікпен байланысты жұмыс істеп  жүрген блогер қызметі қолданыстағы заңнамамен реттеледі», - деп жазды министр.

Фото: pxhere.com