Bloomberg: Трамптың мәлімдемесінен кейін Ормуз бұғазындағы қозғалыс тоқтап қалды

АСТАНА. KAZINFORM —  АҚШ президенті Дональд Трамп 3 мамырда Вашингтонның Иранға ұсынған қақтығысты реттеу ұсыныстарына Тегеранның жауабы қабылдануы екіталай екенін мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, Иран «жеткілікті жоғары баға төлемеген». Бұл туралы Bloomberg агенттігіне сілтеме жасап, ТАСС жазды.

Фото: Altaf Qadri

Осы мәлімдемеден кейін Ормуз бұғазы арқылы кеме қозғалысы жексенбі күні іс жүзінде толық тоқтап қалған. Бұл ақпаратты Bloomberg агенттігі теңіз тасымалын бақылау деректеріне сілтеме жасап хабарлаған.

Мәліметке сәйкес, егер сенбі күні бұғаз арқылы екі бағытта 9 кеме өткен болса, жексенбіде тек екі ирандық коммерциялық кеме ғана тіркелген. Агенттік мұны «бұғазға қолжетімділік тек белгілі бір аймақтық байланысы немесе рұқсаты бар кемелермен шектеліп отырғанын» көрсетеді деп бағалайды.

Сонымен қатар Bloomberg соңғы апталарда көптеген кемелер транспондерлерін өшіріп өтетінін атап өтеді. Әсіресе, АҚШ Әскери-теңіз күштерінің теңіз блокадасы аясында кейбір ирандық кемелер Оңтүстік-Шығыс Азия суларына жеткенде ғана таратқыштарын қосатыны айтылған.

Агенттік Трамптың мәлімдемесінен кейін Ормуз бұғазында еркін кеме қатынасының тез қалпына келетініне деген үміт әлсірегенін жазады.

Еске сала кетейік, бұған дейін АҚШ-тың Иранға қарсы енгізген теңіз блокадасы Тегеранға шамамен 4,8 млрд доллар көлемінде экономикалық шығын әкелгенін жаздық.