«Бөбек» ұлттық ғылыми-тәжірибелік, білім беру және сауықтыру орталығында С. Алпысқызының білім гранттары табысталды

АСТАНА. 4 қыркүйек. ҚазАқпарат - 2012 жылы 30 шілдеде жарияланған «ҚР жоғары оқу орындарында, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында білім алу үшін Сара Алпысқызының білім грантын беру туралы ережеге» сәйкес жүргізілген ІІ турдың нәтижесі бойынша байқау жеңімпаздары анықталып, 70 түлек білім гранттарының иегері атанды.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, аталмыш іс-шара осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр. Алғаш рет 2011 жылы ұйымдастырылып, республика бойынша 72 талапкер білім алу мүмкіндігіне ие болған еді. 

Сара Алпысқызының білім гранттары жетім балаларға, әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасыдан шыққан балаларға, асыраушысынан айырылып, ата-анасының бірінің қамқорында қалған балаларға әлеуметтік көмек көрсету мақсатында тағайындалады. 

Байқаудың екінші кезеңінен республика бойынша барлығы 70 талапкер өтіп, 50 түлек жоғары оқу орындарында, 20 түлек техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында білім алуға мүмкіндік алды. 

Білім гранттарын салтанатты түрде табыстау рәсімінде  Еліміздің бірінші ханымы «Бөбек» қайырымдылық қорының Президенті Сара Алпысқызы грант иегерлерін құттықтады.

Табыстау рәсімі концерттік бағдарламамен жалғасты.