«Бөбектің» орыс тілінде алғашқы он-лайн режиміндегі дәрісі өтті

АЛМАТЫ. 26 мамыр. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда «Бөбек» ұлттық орталығында «Өзін-өзі тану» пәні бойынша орыс тілінде он-лайн режимінде алғашқы сабақтар ұйымдастырылды

Оған республика бойынша 130 білім беру мекемелері қатысты. «Өзін-өзі тану» пәнін бастауыш сыныптарда оқыту әдістемесі» тақырыбында өткен дәріс бастауыш сыныптың мұғалімдеріне арналды. Дәрісті Адамның үйлесімді дамуы институтының жетекші ғылыми қызметкері, «Өзін-өзі тану» пәні бойынша оқу-әдістемелік құралдардың авторы Ирина Калачева жүргізді. 45 минутқа созылған дәрістеме барысында мұғалімдер өзін-өзі тану бойынша туындалған сұрақтарын қойды. Сауалдардың басым бөлігі оқыту әдістемелігі жайында және оқулықтың қамтамасыз етілуі жөнінде болды. Сауалдарға Адамның үйлесімді дамуы институтының білікті мамандары ғылыми хатшы Луиза Жұбатова, білім беру бағдарламаларының бөлім бастығы Шарихан Байғұнақова, жетекші ғылыми қызметкер Рабиға Ізғұттынова жауап берді.

«Он-лайн режимінің бір тиімділігі алыс жатқан аймақтарда, мәселен облыстарда жұмыс істейтін мұғалімдерге уақытын үнемдеп тәжірибемен алмасуға және көкейде жүрген өзекті сауалдардың жауабын алуға мүмкіндік береді»,-дейді Адамның үйлесімді дамуы институтының мамандары.

Институттың ғылыми хатшысы Луиза Жұбатованың айтуынша, алдағы уақытта осы сынды дәрістер айына екі рет екі тілде-орыс және қазақ тілінде өтіп тұратын болады.