«Бөбектің» шәкірттері Халықаралық астрономиялық олимпиадада жоғары көрсеткіштерге ие болды

АЛМАТЫ. 30 қыркүйек. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда «Бөбек» ұлттық орталығында Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығы мен Ю. Гагариннің ғарышқа ұшуына 50 жыл толуына орай арнайы ұйымдастырылған XVI Халықаралық астрономиялық олимпиада өз мәресіне жетті.

Бір апта бойы 19 елден келген 15-17 жас аралығындағы 100 шақты оқушы білім додасында бақ сынасты.

Марапаттау рәсімінде әділқазылар алқасының төрағасы Михаил Гаврилов оқушылардың жоғары біліктілігін атап өтіп, астрономия ғылымына дарынды жастардың қосар үлесі зор екендігін мәлімдеді. Олимпиаданы ұйымдастырушы, «Бөбек» орталығы обсерваториясының жетекшісі Вера Загаинова қатысушыларға атсалысқандығы үшін алғыс білдіріп, алдағы уақытта мұндай олимпиадаларды жиі ұйымдастырып тұратындығын атап өтті.

Халықаралық олимпиада үш турдан тұрды. Теориялық турда жас астрономдар есеп шығарып, астрономияның жоғарғы деңгейдегі төрт бөлімін қамтитын тапсырмаларды орындап, қосымша білім беретін физика ілімінің космостық аспектілері бойынша білімдерін сынға салды. Бақылау турында қатысушылардың жұлдызды аспан туралы білімдері сыналды. Бақылау турында оқушылар обсерваторияда жүргізілетін зерттеу жұмыстарымен танысып, көзқарастарын білдірді.

Халықаралық білім сайысында үздік көрсеткіштерді Оңтүстік Корея, Үндістан және Ресейден келген оқушылар көрсетті. Қазақстаннан 7 бала жоғары балл жинап, I, II, III дәрежелі дипломдарға ие болды: І дәрежелі дипломды - «Бөбек» ұлттық орталығының тәрбиеленушісі Азамат Қалиев, Абдолла Бекзат, ІІ дәрежелі дипломды - Вадим Уссик, Мадина Болат, Ахмет Төлегенов, ал, ІІІ дәрежелі дипломды - Кирилл Бородин мен Әлібек Бекжанов иеленді.

Шара барысында, шетелден келген қонақтар Алматының көрікті жерлерін - Медеу, Шарын шатқалы, Шымбұлақ, Көктөбені аралап, Абай атындағы опера және балет театры мен Қазақстан тарихы мұражайына барып қайтты.

Енді, олимпиаданың кезекті саны 2012 жылы Оңтүстік Кореяда өтетін болады. Салтанатты жабылу рәсімінде Қазақстан олимпиада жалауын Корей елінің өкілдеріне тапсырды.