Әйгерімнің айтуынша, Италиядағы концерт алдын ала, бір ай бұрын жоспарланған.
— Концерт алдында маэстро, аңыз адам Андреа Бочеллидің қолдауы ерекше болды. Кез келген концерттің алдында қобалжу болады, бірақ оны жағымды қобалжу деп атар едім, — дейді Әйгерім.
Әнші туған елде, Алматыда өткен концертке де тоқталды.
— Бұл — ең үлкен бақыт, ерекше жетістік болды. Қазақ елінің керемет қошеметін сезіндік. Өз еліңнің алдында өнер көрсету — үлкен жауапкершілік, — дейді ол.
Әйгерім бұған дейін «Ла Скала» театры академиясында шыңдалу арманы болғанын айтты.
— «Ла Скала» театрында екі жылдай тәлім алып жатырмын. Қазір жаңа операға дайындық үстіндеміз, спектакльде өнер көрсетемін. Сондай-ақ конкурстар, концерттер және түрлі рөлдерге тыңдалымдар жоспарланып отыр, — деп бөлісті әнші.
Айта кетейік, бұған дейін Әйгерім Алтынбек XI Халықаралық CLIP 2025 опера байқауында жеңіске жеткен болатын.