«Богатырь Комир» ЖШС компаниясы табыс салығын заңсыз кемітіп, 5% ғана төлеп келген
ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Облыстық Мемлекеттік кірістер департаменті жүргізген тексеріс нәтижесінде «Богатырь Комир» ЖШС компаниясы заңсыз түрде корпоративтік табыс салығын 15% орнына 5% мөлшерінде төлеп келгені анықталды. Бұл туралы облыстық прокуратура мәлім етті.
— Тексеру нәтижесінде кәсіпорынға 777 млн теңге қосымша салық төлеу туралы хабарлама берілді. Департаменттің шешімімен келіспей, Серіктестік салық органының шешіміне әкімшілік сотқа шағымданды, нәтижесінде ол хабарламаның күшін жойды, — делінген хабарламада.
Алайда, прокуратураның апелляциялық өтініші бойынша Павлодар облыстық соты салық есептеу туралы хабарламаны заңды деп таныды.
Соттың шешімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, бұған дейін Астана қаласында түрлі компанияларға жалған қаржылық құжат жасап беріп, мемлекет бюджетіне 1,6 миллиард теңге көлемінде салық төлемеуге жол ашып берген 10 тұлғаға сот үкімі шыққанын жазған едік.