Богатырь-Көмір кәсіпорнына жаңаның орнына ескі бөлшек жеткізіп келген күдікті ₸830 млн жымқырған

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысында капиталының 50% «Самұрық-Қазына» қорына тиесілі көмір өндіру кәсіпорнындағы жымқыру схемасы әшкере болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл фактіні ҚМА Павлодар облысы бойынша департаменті «Богатырь-Көмір» ЖШС-мен бірлесіп анықтады.

Күдікті 2020-2022 жылдар аралығында «Богатырь-Көмір» ЖШС қабылдау комиссиясымен алдын ала сөз байласу арқылы жүйелі түрде серіктестіктің қаражатын жымқырған.

Схема былай - жалпы сомасы 830 млн теңгені құрайтын жаңа бөлшектердің орнына айтарлықтай тозған пайдаланылған қосалқы бөлшектер жеткізілген.

Бұл әрекет мемлекетке аса ірі көлемде материалдық залал келтірген. Күдікті үйқамаққа алынды.

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Тергеу мүддесіндегі басқа ақпарат жария етілмейді.