Бөгенбай батыр даңғылындағы жөндеу жұмыстары қыркүйектің соңында аяқталады - Астана әкімі

АСТАНА. Тамыздың 25-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Астанадағы Бөгенбай батыр даңғылындағы жөндеу жұмыстары алдағы қыркүйек айының соңында аяқталатын болады. Бұл туралы бүгін тұрғын үй құрылыс нысандарын аралау барысында журналистердің сұрақтарына жауап берген Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов айтты,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елорда басшысының атап көрсеткеніндей, алдағы қыркүйектің соңында ел «бүкір» көпір деп атап кеткен жол құрылысының екінші қанатын салу аяқталып, көпір толығымен іске қосылатын болады. Мұндай үлкен көпір автокөліктердің айтарлықтай ағынын өткізуге мүмкіндік беретін болады. Сондай-ақ транзиттік көліктерге қалаға кірместен Бөгенбай батыр күре жолы арқылы өтуге жағдай туғызады.

«Осы орайда, жол бойында кептелектер болмас үшін Бөгенбай батыр даңғылы - 6 жолақты, кей жерлерде 8 жолақты етіп кеңейтілуде. Бұл жолға қайта оралмас үшін, бірден инженерлік жүйелер де төселіп жатыр. Мұндай жұмыс көлемін тек 2010 жылдың маусым-шілдесінде ғана аяқтау мүмкін. Дегенмен, ауа райы жағдайы ескеріліп және автокөліктердің қозғалыс қарқыны жоғары болуы себепті, «бүкір» көпір мен даңғылдың құрылысы қыркүйектің  соңында толығымен аяқталатын болады», - деді ол.