Қазақстанға SCAT әуе компаниясының «Боинг 737 МАХ 8» ұшақтар сериясының алғашқысы келіп қонды. Осы сериядағы жалпы саны 6 лайнерді сатып алу туралы келісім осы жылдың басында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа ресми іс сапары кезінде қолжеткізілген болатын.
Заманауи лайнерді салтанатты қарсы алу рәсімі 2018 жылғы 31 наурызында Шымкент халықаралық әуежайындағы SCAT әуе компаниясының базасында өтті.
2018 жылдың 2 сәуірінде жаңа «Боинг 737 МАХ 8» ұшағы Шымкенттен Астанаға алғашқы тұрақты рейсін орындады. Нұрсұлтан Назарбаев Халықаралық әуежайында лайнерді Үкімет және ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің өкілдері, Қазақстан авиация саласының басшылығы, ҚР Парламент депутаттары және шетелдік елшілер қарсы алды.
«Заманауи әуе кемеге қол жеткізу Қазақстанның авиация саласы үшін маңызды оқиға. Елдің авиациялық паркі белсенді түрде жаңартылып, заманауи және технологиялық лайнерлермен толығу үстінде. Бұл еліміздің бүгінгі күні авиация саласында лайықты орын алатындығын және SCAT әуе компаниясының бәсекеге қабілетті әуе тасымалдаушылардың бірі болып табылатынын дәлелдейді», - деді ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев.
Жаңа борт Еуропа мен Азия арасындағы Қазақстанның географиялық орналасуының оңтайлы жағдайын қолдана отырып, ішкі және транзиттік бағыттарды дамыту үшін СКАТ әуе компаниясының ұзақ мерзімді стратегиясына толық сәйкес келеді.
Сонымен қатар, аталмыш әуе компания Шымкент әуежайын «Оңтүстік» хаб ретінде дамытуды жоспарлап отыр. Бұл өңірдің әуе көлігі және көлік саласын ғана емес, Қазақстанның экономикасын одан ары дамытуға мүмкіндік береді.