Боқаев Сәдуақас Хасенұлы

None
Боқаев Сәдуақас Хасенұлы (1907-1942) – физика-математика ғылымдары бойынша қазақтан шыққан тұңғыш ғалым, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің негізін қалаушылардың бірі, физика-математика факультетінің бірінші деканы.
Семей қаласында туған. 1932 жылы Мәскеу университетін бітіріп, сол жылы аталмыш университеттің аспирантурасына түсті. Бірақ Қазақ АКСР Халық ағарту комиссариаты оны Алматыға шақыртып алды. 1932-1936 жылдары Қазақ педагогикалық институтының ассистенті, кафедра меңгерушісі, деканы, профессоры, Қазақ мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі қызметтерін атарып, студенттерге математиканың арнаулы салаларынан дәріс оқыды. Қазақ АКСР Халық ағарту комиссариаты жанындағы терминология комиссиясының мүшесі болды. С.Боқаев дифференциалдық теңдеулер, арнаулы функциялар, конформдық түрлендіру теориясының және олардың механикада қолдану мәселелерін зерттеумен айналысты. Сонымен қатар орта және жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар мен оқу құралдарын құрастырды. Доцент С.Боқаев тарих кафедрасының меңгерушісі, профессор Ж.Асфендияров, М.Маркович және тағы да басқа әріптестерімен бірлесе отырып, Мәскеу мемлекеттік университетінің озат тәжірибелерін оқу процесіне енгізді. Болашақ академик О.Жәутіковтың дипломдық жұмысына жетекшілік етті. Жас ғалым 1935 жылы 28 жасында Мәскеу мемлекеттік университеті жанындағы математика және механика ғылыми-зерттеу институтында кандидаттық диссертация қорғады. 1937 жылы 30 жасында репрессияға ұшырап, түрмеде улап өлтірілді деген дерек бар. 2007 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің физика-математика факультетінде Сәдуақас Боқаевтың туғанына 100 жыл толу құрметіне «Физика-математика пәнін оқытудың әдістемесі мен теориясы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция және Семей қаласындағы педагогикалық институттың оқушылары арасында олимпиада өтті. Боқаев Садуақас Хасенұлы ? дарынды математик, өзінің қысқа, бірақ жарқын да мазмұнды өмірінде қазақстандық математиктердің, педагогтардың, инженерлердің, экономистердің, сондай-ақ еліміздің мектептері мен жоғары оқу орындары оқытушыларының жаңа әрі жас толқынын дайындауға баға жетпес үлес қосқан ғалым.Дереккөзі: Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 2 том