Бөкей ордасы ауданында «ҚазАгро» АҚ-ның қатысуымен қос бірдей инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ - БҚО
Аудан әкімі Нұрлан Рахымжановтың сөзіне қарағанда, бұлардың екеуі де мал бордақылау алаңдары. 500 бас ірі қараға есептелген бір мал бордақылау алаңын Бисен ауылдық округіндегі «Пахман» шаруа қожалығы салмақ. Т.Масин ауылдық округіндегі «Есет» шаруа қожалығы 450 бас ірі қара мен 300 бас жылқыға арналған мал бордақылау алаңын жолға қоймақшы. Осы мақсатта жер телімдері белгіленді. Несие алуға және жер телімдеріне қажетті құжаттар рәсімделуде.
Бөкей ордасы ауданы малды өңір болғандықтан, мұндай жобаларды жүзеге асырудың маңызы зор.
«ҚазАгро» АҚ шаруашылықтардың техникалық паркін жаңартуға да қолұшын беруде. Айталық, соңғы жеті жылда аудандағы шаруашылықтар 67 жаңа трактор мен 22 шөп буғышты лизингке алды. Қазіргі кезде Бөкей ордасында 630 трактор, 405 тіркеме бар.