Бокс: Ақмола облысының чемпиондары анықталды

Фото: None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында 2002-2003 жылғы туған жасөспірімдер арасында бокстан өңір чемпионаты өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.



Облыстық спорт басқармасы баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, Степногор қаласындағы спорт сарайында ұйымдастырылған жарысқа облыстың әр өңірінен келген 100 спортшы 15 салмақ бойынша сынға түсті.

 

Жарыс жеңімпаздары 19 және 25 қараша аралығында Екібастұз қаласында өтетін өңірлік біріншілікке қатысу жолдамасын жеңіп алды.

 

«Былтырғы жылмен салыстырғанда биылғы жарыстың деңгейі жоғары болды. Әр кездесу тартысты өтті. Қатысушылардың барлығы тек жеңіс үшін келгенін көрсетті», - деді студенттер арасында әлем чемпионы, ҚР чемпионы  Андрей Спиридонов.

 

Жарыс жеңімпаздарына арнайы грамоталар мен медальдар тапсырылды. Оған қоса, жас боксшылар да марапатталды. «Ең үздік техникасы үшін» тағайындалған кубок степногорлық Диас Көшековке берілсе, «Жеңіске деген жігері үшін» кубогына Жақсы ауданынан келген Ержан Қабыкенов лайық деп танылды.

 

«Жеңіс үшін ғана рингке шықтым. Осы жарысқа мықтап дайындалдым. Қарсыластарым да осал болған жоқ. Дегенмен, көздеген жеңісіме қол жеткіздім», - дейді Степногордағы Бөгенбай батыр атындағы спортта дарынды балаларға арналған облыстық мектеп интернатының  тәрбиеленушісі Әбілмәнсұр Әйденғалиұлы.

   

Соңғы жаңалықтар