Бокс: Әлем чемпионы атанған Абылайхан Жүсіпов ендігі жоспарын айтты

Фото: Видеодан скрин

АСТАНА. KAZINFORM — Абылайхан Жүсіпов мансабында алғаш рет ересектер арасында әлем чемпионы атанды. Ол БАӘ-нің Дубай қаласында өткен әлем чемпионатында топ жарды.

Былғары қолғап шебері спорттық жолы, әлем чемпионатындағы жетістігі және болашақтағы жоспарларымен бөлісті.

— Бұл шынымен де көптен күткен алтын медаль болды. Ересектер арасында әуесқой бокстан барлық медальді жеңіп алдым. Тек қана Олимпиада ойындары мен Азия ойындарының медальдері қалды, оны алдағы жылдары толықтырамын, — деді Жүсіпов «Бүгін LIVE» бағдарламасына берген сұхбатында.

Спортшының айтуынша, бокспен айналысуға оны анасы жетектеп апарған. Спорттық мансабын Қарағанды облысы Абай қаласындағы спорт мектебінде бастаған. 

— Күн тәртібі оқу мен жаттығудан құралған қатаң режимде өтеді, бірақ бос уақыттарда кітап оқуды ұнатамын. Хоббиім де спортқа байланысты. Үстел теннисі, баскетбол, шахмат ойнаймын, — деді әлем чемпионы.

Жүсіпов болашақта бокстан спорт мектебін ашып, балаларды үйретуді жоспарлап отыр. 

Боксшы қарапайым отбасынан шыққан, қазіргі таңда отбасылы, екі қыз тәрбиелеп отыр.

Бұдан бұрын Қазақстан бокс федерациясы IBA және ASBC ұйымдарына наразылық хат жолдағанын жазған едік. Онда Абылайхан Жүсіповке Азия чемпионы атағы бір күн кешігіп жеткені айтылған.