Бокс Аргентинадағы жасөспірімдердің олимпиада ойындары бағдарламасында қалдырылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Халықаралық олимпиада комитеті боксты Аргентинадағы Жасөспірімдер олимпиада ойындары бағдарламасында қалдырды. Бұл туралы Азия бокс федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.

2018 жылы Жасөспірімдер олимпиада ойындары үшінші рет өткелі жатыр. Шара 6-18 қазан аралығында Буэнос-Айреста ұйымдастырылмақ. Бұл 14-18 жас аралығындағы спортшылар қатысатын арнайы олимпиада ойындары. Алғашқы Жасөспірімдер олимпиада ойындары 2010 жылы Сингапурде өткен болатын.


«Шынында, бұл бокстан жастар құрамасы үшін табысты болды. Лицензия туралы айтар болсақ, біздің ел толық  лицензиялық жинаққа ие. Біздің құрлықтан Олимпиадаға 13, соның ішінде 9 ерлер және 4 әйелдер лицензиясы бөлінген. Өткен Азия чемпионатының қорытындысы бойынша, бұл лицензияға Қазақстан, Вьетнам, Үндістан, Тайланд, Өзбекстан мемлекеттерінің ие болғанын айта аламыз», - деді Серік Қонақбаев.
 

Белгілі болғандай, Тайландта өткен жастар арасында бокстан Азия чемпионаты Қазақстан үшін табысты өткен. Біздің жас боксшыларымыз жалпы 10 алтын медаль, оның ішінде алтауын бозбалалар мен төртеуін бойжеткендер жеңіп алды. Құрлықаралық біріншілікте Венгриядағы әлем чемпионаты мен Аргентинадағы Жасөсіпірімдер олимпиада ойындарына лицензия ойнатылды.  


«Соңғы уақытта жас боксшыларымыздың Олимпиадаға қатыса ма, әлде қатыса алмай қала ма деген уайым болды. Себебі Халықаралық Олимпиада комитетінің Буэнос-Айрестағы Жасөспірімдер ойындары және 2020 жылғы Токиодағы Олимпиада бағдарламаларында боксты қалдыру немесе қалдырмау туралы нақты ұстанымы болмады. Кеше кешкісін Аргентинадағы Олимпиада бағдарламасында бокстың қалдырылғандығы туралы жақсы жаңалық алдық. Жапониядағы Олимпиада ойындары бойынша ұстанымды ХОК Атқару комитеті кейінірек айтады», - деп атап өтті Серік Қонақбаев