БОКС: «Астана арландары» «Баку Файрс»-ты басымдықпен жеңіп, WSB тобында көш бастады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін «Астана арландарының» былғары қолғап шеберлері «Баку Файрс» клубының боксшыларын 4:1 есебімен жеңді.

Шымкент қаласында өткен тартысты кездесуді «WSB TV» сайты онлайн-режимде көрсетті.

Бірінші болып алаңға шыққан қазақстандық боксшы Олжас Сәттібаев өз қарсыласы әзербайжандық Мұрад Рабадановты айқын жеңіп, 52 келі салмақта кім мықты екенін дәлелдеп берді. Бұл кездесудің қорытынды есебі: 3:0 (50:45, 50:45, 50:45).

Келесі кезекте 60 келіге дейінгі салмақ бойынша әйгілі Альберт Селимовпен жұдырықтасқан Закир Сафиулин қарсыласына есе жіберді десек те, жанкүйерлерінің үлкен қошеметіне бөленді. Төрешілер бұл кездесуде 0:3 (47:48, 46:49, 47:48) деген есеппен Селимов басым түскенін көрсетті.

Бұдан кейін шаршы алаңға 81 келіге дейінгі салмақтағы Хрвое Сеп - Михаил Долголевецтің жұбы шықты. Қазақстандық жанкүйердің ықыласына бөленіп жүрген хорватиялық Хрвое Сеп бұл жолы да қарсыласын қуып жүріп сабады. Бесінші раундта Михаил Долголевецті нокдаунға жіберді. Есеп: 3:0 (50:44, 50:44, 50:44).

Осы кездесуден кейін 69 келіге дейінгі салмақта Қанағат Маралов пен Парвиз Багиров арасында тартысты жекпе-жек өтті. Бес раундағы нәтиже бойынша 2:1 (46:49, 49:46, 48:47) есебімен Қанағат жеңіске жетті.

Ал аса ауыр (91 келі) салмақ бойынша шаршы алаңға шыққан Филипп Хргович пен Гаджи Мұртазалиев арасындағы кездесу бар болғаны бір раундқа созылды. Техникалық нокдаунмен жеңген Филипп Хргович Ұлыстың ұлы күні қарсаңында өткен кездесудің нүктесін қойды.

Айта кету керек, Әзербайжан елінде өткен кездесуде де 3:2 есебімен «Астана арландары» басым түскен болатын.

Сөйтіп, осы маусымда он кездесудің онын да жеңіспен аяқтаған «Астана арландары» клубы Бүкiләлемдiк бокс сериясының (WSB) «Б» тобында көш бастап келеді.

Бүгінгі бокс кешінің жазылып алынған нұсқасын «Хабар» телеарнасы бүгін сағат 22:30-да көрсетеді.