арландары» 3:2 есебімен жеңіске жетті.
Турнирдің алғашқы жекпе-жегі 54 келі салмақ дәрежесінен басталды. Бұл кездесуде арландық Мейіржан Рахымжанов өз қарсыласы - Владимир Никитиннің тастай қорғанысын қанша бұзуға тырысса да, айласын асыра алмады. Есеп 0:1. Екінші жекпе-жек «Астана арландары» командасының мақтанышы - Мерей Ақшалов пен динамолық Вазген Сафарянц (60 келі) арасында өтті. Негізі, М.Ақшалов әлі бірде-бір рет жеңіліп көрген емес. Осы жолы да ол бұл дәстүрден жаңылған жоқ. В.Сафарянц бірнеше рет ереже бұзып, М.Ақшаловты баспен ұрды. Қасы мен қабағын жарып жіберді. Ал жеңілгеннен кейін, қарсылыстың қолын алмауы жігіттікке мүлдем жатпайтыны рас. М.Ақшалов болса, динамолық боксшысының осындай ерсі қылықтарына ешбір көңіл аудармай, нағыз шеберлікті таныта білді. Есеп теңесті. Мирас Байырханов та намысты қолдан бермеді. Үшінші жекпе-жекте ол динамолық Виталий Бандаренконы жеңді. Ал 85 келі салмақта «Динамоның» көшбасшысы - Данил Шведтен басым түскен Рамзжон Ахмедов арландықтардың жеңісін еселеді. Есеп 3:1. Соңғы аса ауыр салмақ дәрежесінде Руслан Мырсатаев турнирдің жалпы есебін 4:1-ге дейін жеткізетін еді. Бірақ динамолық Сергей Кальчугин екі-ақ ұпаймен Русланнан басым түсіп, жеңіске жетті. Негізі, бұл жекпе-жек кезіндегі Русланның қызуқанды мінез танытып, ереже бұзғанын түсінуге болады. «Мәскеулік Динамо» боксшыларының кейбір әрекеттеріне қаны қайнаған Руслан бірнеше ескерту алып, бір ұпайын қарсыласына беруге мәжбүр болды.
Сонымен, жартылай финалдағы алғашқы кездесуде «Астана арландары» «Мәскеулік Динамоны» 3:2 есебімен жеңді. Енді, наурыздың 30-ы күні Мәскеу қаласында есептік жекпе-жектер өтеді.