Бокс: «Астана арландары» жартылай финалда кіммен жұдырықтасады

АСТАНА. ҚазАқпарат - WSB жобасы аясында өнер көрсететін «Астана арландарының» жартылай финалындағы қарсыластары анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Worldseriesboxing.com сайты таратқан мәліметтерге сүйенсек, «Арландарымыз» жартылай финалда Ұлыбританияның «British Lionhearts» командасымен кездеседі. Қос команда арасындағы алғашқы жекпе-жек 18-19 мамыр күндері өтеді деп жоспарланған.

Естеріңізге сала кетейік, «Астана Арландары» осыған дейін Бүкіләлемдік бокс сериясын үш рет жеңіп алған болатын. Мұндай жетістікке әлі ешбір команда қол жеткізіп көрген емес.

Отандастарымыз алғашқы чемпиондық атаққа 2013 жылы қол жеткізсе, екінші рет араға бір жыл салып, 2015 жылы тағы да бас жүлдені қанжығасына байлады. Ал үшінші рет өткен 2017 жылы тағы да жеңіс тойын тойлады. Сондай-ақ,  2011 жылы екінші орынға, 2012,  2014 және 2016 жылдары үздік үшінші орындарға қол жеткізді. Міне, биыл тағы да жартылай финалға шығып отыр.