Бокс: Азия чемпионатында әйелдерден кімдер жұдырықтасады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бокстан әйелдер командасының бас бапкері Вадим Присяжнюк Азия біріншілігіне қатысатын спортшылар тізімін жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Бокс федерациясы таратқан мәлімет көздеріне сүйенсек, 16-26 сәуір аралығында Таиланд астанасы Бангкокте өтетін құрлық додасына Қазақстан толық құраммен қатысады.

Айта кетерлігі биыл алғаш рет Азия біріншілігі ерлер мен әйелдер арасында бір уақытта ұйымдастырылмақшы.

Чемпионатта әйелдерден 48 келі салмақта Алуа Балқыбекова, 51 келі салмақ дәрежесінде Назым Қызайбай, 54 келіде Дина Жоламан шаршы алаңға шықса, 57 келіде Сәния Сұлтанқызы, 60 келіде Римма Волосенко, 64 келі салмақта Милана Сафронова, 69 келіде Дариға Шәкімова бақ сынайды.

75 келі салмақта Ақерке Бақытжан ел намысын қорғаса, 81 келіде Фариза Шолтай жекпе-жекке шығады. Ал аса ауыр салмақ дәрежесінде ( 81 келі) Ләззат Күнгейбаеваға үміт артылып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін ерлер арасында Азия чемпионатында ел намысын қорғайтын он боксшының тізімін жариялаған болатынбыз.