Бокс: Бас бапкер Олимпиадаға қалай дайындалып жатқанын айтты

АСТАНА. KAZINFORM – Бокстан Қазақстан Ұлттық құрамасы Олимпиада ойындарына Түркістан облысындағы «Алма тау» базасында Өзбекстан, Куба, Қырғызстан, Тәжікстан және Түркіменстан елдерімен бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр.

Фото: Бокс федерациясы

Бұл туралы KAZINFORM тілшісіне Бокстан Ұлттық құраманың бас бапкері мырзағали Айтжанов айтып берді.

«Біз бүгінгі таңда Түркістан облысындағы «Алма тау» базасында өзге ел боксшыларымен біріккен оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатырмыз. Қатарымызда Олимпиадаға жолдама жеңіп алғаны да, жолдамаға енді таласатыны да бар. Өзге елдерден Өзбекстан, Куба, Қырғызстан, Тәжікстан және Түркіменстан боксшылары келді», - деді бас бапкер Айтжанов.

Айтжанов Олимпиада ойындарының қарсаңында осындай біріккен оқу-жаттығу жиынадарын көптеп өткізу боксшылардың тәжірибесін жетілдіруге, шеберліктерін шыңдауға үлкен септігін тигізетінін атап өтті.

«Біздің оқу жиынымызға Тәжікстаннан 92 келі салмақта Олимпиадаға лицензия жеңіп алған боксшы арнайы келді. Түркімен мен Қырғыздың енді лицензияға таласатын боксшылары келді. Өзбекстан мен Кубадан Олимпиада жолдамасын жеңіп алған төрт-төрттен 8 боксшы келсе, Израйльдан бір боксшы арнайы лицензиялық турнирге дайындалу үшін біздің елді таңдапты. Бұл біздің боксшыларға үлкен демеу болары анық. Себебі, өзге боксшылармен спарниг кездесулер өткізу біздің былғары қолғап шеберлерінің мүмкіндігін шыңдауға, тәжірибелерін жетілдіруге үлкен септігін тигізеді. Бірлескен жаттығу жиыны 21 сәуірге дейін жалғасады», - деді Мырзағали Айтжанов. 

Естеріңізге сала кетсек, бокстан ерлер құрамасы Париж Олимпиадасына 6 жолдама жеңіп алған.

Енді Таиландтағы соңғы лицензиялық жарысқа Мұхаммедсабыр Базарбайұлы барады.

Айта кетсек, Грекияның Олимпия қаласында 2024 жылы Парижде өтетін Олимпиада ойындарының алауы ресми түрде тұтанды.