Бокс: Бек Нұрмағамбет Азия чемпионатында жеңіске жетті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Таиландта өткен ерлер мен әйелдер арасындағы бокстан Азия чемпионаты мәресіне жетті. Онда 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жарысқа қатысқан Армия орталық спорт клубының спортшысы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Бек Нұрмағамбет чемпион атанды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Финалда Бек Нұрмағамбет Филиппин спортшысы Джон Нобель Марвинмен кездесті. Жекпе-жек барысында қазақстандық боксшы басымдық танытып, жеңіске жетті.

Сондай-ақ, сайыстан кейін Бек Нұрмағамбет болашақ жоспарларымен бөлісті. Спортшы Азия чемпионаты ол үшін дебютті болғанын және алда Әлем чемпионатында топ жаруға ниетті екенін жеткізді.

Биылғы турнирге әлемнің 39 елінің өкілдері қатысты. Жарысқа Б. Нұрмағамбеттен басқа А. Мұзапаров (52 кг), кіші сержант Қ. Ералиев (56 кг), А. Шымбергенов (69 кг) және Р. Волосенко (60 кг) сияқты Әлем және Азия чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері қатысты.

Бұған дейін хабарланғандай, бокстан Азия чемпионатында қазақстандықтар екі «алтын», екі «күміс» және жеті «қола» еншіледі.