Бокс: Дамир Буданбеков Ирактан Қазақстанға қайта оралмақ

АСТАНА. 15 сәуір. ҚазАқпарат - Бокстан Ирак құрамасын баптап жүрген қазақстандық Дамир Буданбеков көктемнің соңында елге қайтып келмек.

Бұл туралы бапкер «Аламан» спорт агенттігіне берген сұхбатында мәлімдеді.

«Қазір Ирак елімен келісім шартым аяқталуға жақын. Егер Лондонға жолдама алсақ, жұмысымды жалғастырар едім. Бірақ ала алмадық. Дегенмен, Ирак бокс федерациясының менің жұмысыма көңілдері толды. Келісім шартты созуға да ниетті. Себебі, Ирак елі сегіз жыл бойы Араб ойындарында бірде бір алтын алмаған. Міне, сол олқылықтың орнын толтырып, былтыр араб елдері олимпиадасында бір алтын, екі күміс иеленген едік. Шыны керек, қазір Ирак халқы бұл жеңісті әлі тойлап жатыр. Астанадағы сында лицензияға бір табан жақындадық. Өкініштісі, қол жетпеді. Енді жақын арада елге қайтып келмекпін. Арманым жас балаларға арналған бокс мектебін ашу. Енді сол бағытта жұмыс жасаймын», - деді Д. Буданбеков сұхбатында.