Ал Пакьяо шамамен 80 млн. доллар алады. Бокс тарихында әлі бірде-бір боксшы бір кездесуде мұндай көлемде сыйақы алып көрген емес, - деп хабарлайды allboxing.ru порталы.
Үстіміздегі жылы 2 мамырда Лас-Вегас қаласының (АҚШ, Невада штаты) MGM Grand (Қонақ үй-ойын-сауық кешені, сиымдылығы 16800 адам) спорт аренасында әлемнің ең үздік боксшылары рейтингінің көшбасшысы , WBC және WBA (Super) нұсқалары бойынша жартылай орта салмақ (66,678 келі) және бірінші орта салмақ (69,85 келі) дәрежелеріндегі Әлем чемпионы, 37 жастағы америкалық былғары қолғап шебері кіші Флойд Мейвезер (47-0, 26 КО) мен WBO нұсқасы бойынша жартылай орта салмақ дәрежесіндегі Әлем чемпионы, 36 жастағы филиппиндік боксшы Мэнни Пакьяо (57-5-2, 38 КО) қолғап түйістіреді.
Бұл кездесудің аса өзгеше болатындығы әзірден-ақ байқалуда. Жекпе-жек туралы ресми хабар таратыла салысымен, 15 минуттың ішінде MGM Grand қонақ үйінің барлық нөмірлері 2-3 мамыр күндері бойынша сатылып кетіпті.
Ал билеттердің бағасы әзірге белгіленбеген. Бірақ, оның рекордтық деңгейде болатындығы айдан анық. Ең қымбат билеттер 5 000 долларға жетеді күтілуде. Бұған дейін билеттердің бағасы ешқашанда 2 500 доллардан аспаған екен.
Сонымен, алдағы жекпе-жек жартылай орта салмақ (147 фунт; 66,7 келі) дәрежесінде өтеді. Бұл жерде қатарынан үш Әлем чемпионы атағы - Мейвезерге тиесілі WBA (Super) және WBC және Пакьяоға тиесілі WBO нұсқалары сарапқа салынады.
Сыйақы мөлшері Мейвезердің пайдасына қарай 60 та 40 үйлесімімен бөлінетін болды. Алдын ала есеп бойынша билеттерді сатудан түсетін табыс шамамен 40 миллион долларды құраса, ақылы PPV-трансляциядан түсетін табыс 250 миллион доллардан асуы мүмкін. Алайда, бұл соманың жартысын PPV операторлар алатыны белгілі. Трансляциялау құқығын басқа елдерге сатудан түсетін табыс 30 миллион доллардан асуы ықтимал. Сондай-ақ, кездесуге қатысты атрибуттарды сатудан да қомақты табыс түсетіні анық. Одан басқа, бірнеше ірі компания алдағы кездесуге демеуші болуға ниет білдіріп отыр.
Бокс сүйер қауым көптен күткен бұл жекпе-жектің болатындығын ең алдымен әлемнің ең үздік боксшылары рейтингінің көшбасшысы 37 жастағы Флойд Мейвезердің өзі әлеуметтің желілердің бірінде үстіміздегі жылдың 21 ақпанына қараған түні жариялады.
«Бүкіл әлем тағатсыздана күткен жекпе-жекке жол ашылды. Мейвезер Пакьяоға қарсы, 2 мамырда, мәміле жасалынды. Мен жанкүйерлерге бұған қол жеткізіледі деп уәде беріп едім ғой. Міне, солай болды да. 2 мамырда біз тарихи жекпе-жекті назарларыңызға ұсынамыз. Жіберіп алмаңыздар», - деп жазды Мейвезер.
Көп ұзамай 36 жастағы Мэнни Пакьяо әлеуметтік желілердің біріндегі өз парақшасында бұл жағдайға қуанышты екендігін білдірді.
«Біз Флойд екеуміз жанкүйерлер назарына, олар талай жылдан бері сарғая күткен жекпе-жекті ұсына алатындығымызға өте қуаныштымын. Мен бұл кездесуді, оны күткен жанкүйерлерге және Филиппин халқына арнаймын» - деді Пакьяо.
Айта кетелік, екі боксшының кездесу жайында келіссөздері сонау 2010 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан еді. Ол кезде басты мәселе кеңейтілген допинг-тест болды. Пакьяо Мейвезердің барлық шартына көнген соң, бұл мәселе шешілді. Енді допинг-тесті Невада штатының Атлетикалық комиссиясының (NSAC) қатысуымен USADA (Бүкіләлемдік допингке қарсы агенттіктің америкалық бөлімшесі) ұйымы жүргізетін болды.
Жекпе-жекті бокс тарихында осымен екінші рет HBO және Showtime телеарналары бірлесе трансляциялайтын болады. Мейвезер Showtime, ал Пакьяо HBO телеарнасымен келісімшартқа отырғаны белгілі. Естеріңізде болса, бірінші рет мұндай бірлескен трансляция 2002 жылы Майк Тайсон мен Леннокс Льюис арасындағы кездесуде жүргізілген болатын.
Кездесу ақылы трансляция жүйесі бойынша көрсетіледі.
Ринг анонсерлер Майкл Баффер мен Джимми кіші-Леннон болады. Яғни, Баффер HBO өкілі ретінде Пакьяоның шығуын, сәйкесінше Леннон Мейвезердің шығуын жариялайды.
Әрбір боксшы өзі қалаған қолғапты таңдайды. Айта кетелік, Мейвезер Grant фирмасының, ал Пакьяо Cleto Reyes-тің қолғабын киетіні белгілі.