БОКС: Флойд Мэйвезер мен Мэнни Пакьяо арасындағы «ғасыр жекпе-жегі» басталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Лас-Вегастағы MGM Grand қонақ үйінің аренасында 38 жастағы американдық Флойд Мейвезер мен 36 жастағы филиппиндік Мэнни Пакьяо арасында жекпе-жек өтуде.

Жекпе-жек қатысушылары Бүкіләлемдік бокс қауымдастығы (WBA), Бүкіләлемдік бокс кеңесі (WBC) және Бүкіләлемдік бокс ұйымы (WBO) нұсқалары бойынша 66,68 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде әлем чемпионының үш атағын иелену үшін бақ таластырады. Солтүстікамерикалық басылымдардың мәліметтерінше, айқас қорытындысы бойынша Мейвезер 150 миллионға жуық доллар, ал Пакьяо 100 миллионнан астам доллар алады, деп жазады Vesti.kz.

12 раундтық жекпе-жекті көптеген сарапшылар «ғасыр сайысы» деп атауда. Екі үміткер барлық санаттардағы әлемнің үздік боксшысы атағын иелену үшін рингке шығады. Мэйвезер - ВБА және ВБС нұсқасы бойынша бес салмақ санатында чемпиондық белбеулердің иегері. Ол 47 рет жеңіске жетіп, (28 нокаут) бірде-бір рет жеңілмеген. Филиппиндік 66,68 келіге дейінгі салмақ санатында ВБО нұсқасында әлем чемпионы. Ол 57 жеңіске (38 нокаут) жетіп, 5 рет жеңіліске ұшыраған және 2 рет тең ойнаған.