БОКС: Головкин салмақ өлшеуде Гилден сәл ғана ауыр тартты

АСТАНА. ҚазАқпарат - WBA (Super) және IBO нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкин мен австралиялық экс-чемпион Дэниэл Гил ресми түрде салмақтарын өлшеді, деп хабарлады Vesti.kz.

33 жасар Геннадий Головкин 72,48 келі (159,8 фунт) тартса, ал 32 жасар Дэниэл Гилдің салмағы - 72,21 келіні (159,2 фунт) көрсетті. Осылайша, әлем чемпионы үміткерден 270 грамм ауыр тартты.

Еске сала кетейік, жекпе-жек 26 шілдеде Нью-Йоркте Madison Square Garden үлкен аренасында өтеді. Астана уақыты бойынша ол 27 шілдеде таңертең сағат 08:00-дер шамасында басталады. KazSport және «Қазақстан» телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі.