БОКС: Х.Аллахбердиев әлем чемпионы атағын екінші рет қорғамақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресейлік Хабиб Аллахбердиев 63,5 келі салмақ санатында Бүкіләлемдік бокс қауымдастығының нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағын екінші рет қорғамақ.

Оның бұл жолғы қарсыласы - американдық Джесси Варгас. 12 раундық жекпе-жек бүгін Лас-Вегаста өтеді, деп хабарлады ИТАР-ТАСС.

Х.Аллахбердиев аталған белбеуін 2012 жылдың 30 қарашасында Доминикан Республикасының боксшысы Хоан Гуманды жеңіп, ұтып алған болатын. Ол кезде 8 раундық кездесуде ресейлік боксшы қарсыласынан ұпай санымен басым түскен-ді. Ал өткен жылдың 13 маусымында 11-ші раундта қарсыласы француздық Сүлеймен М'Байені техникалық нокаутпен ұтып, чемпиондық атағын қорғап қалды.

Беделді Boxrec сайтының бейресми тізімінде 8-ші орында тұрған 31 жастағы Аллахбердиев жеңілістің ащы дәмін татып көрген жоқ. 19 кездесу өткізіп, оның 9-ында қарсыласын сұлатып салған.

Айта кетерлігі, ол чемпиондық атағын қорғау мақсатында шаршы алаңға шыққаны үшін 250 мың, ал қарсыласы Д.Варгас 90 мың АҚШ долларын алады.