БОКС: И.Дычко финалға шықты

АСТАНА. ҚазАқпарт - Ташкентте өтіп жатқан Сидней Джексонды еске алуға арналған бокстан халықаралық турнирда Қазақстан боксшысы Иван Дычко финалға шықты, деп хабарлады ҚР Бокс федерациясының баспасөз қызметінен.

Кеше байрақты бәсекені ширек финалдық кездесуден бастаған боксшымыз әзербайжандық қарсыласы Асеф Асланлыдан айласын асырған болатын. Ал бүгін жартылай финалда өзбекстандық Баходыр Джалоловпен қолғап түйістіріп, 3:0 есебімен жеңіске жетті.

Ал ертең боксшымыз өзбекстандық тағы бір былғары қолғап шебері Мирзохиджон Абдуллаевпен айқасқа түседі. Өзбек боксшысы өткен жылы Алматыдағы бокстан әлем чемпионатына қатысқан болатын. Бұдан бөлек ол бірқатар ірі халықаралық жарыстарда жеңімпаз атанған бар.

Айта кетерлігі, И.Дычко - Джексон турнирінде өнер көрсетіп жатқан Қазақстан құрамасынан жартылай финалға шыққан жалғыз спортшы. Бұған дейін Ташкентегі жарыс жолын Зәкір Сафиуллин, Алмасбек Орынғалиев, Сапарбай Айдаров және Нұрдәулет Жарманов аяқтаған болатын.

Еске сала кетейік, Лондондағы Олимпиаданың қола жүлдегері, ауыр салмақтағы қазақстандық боксшы Иван Дычко Алматыдағы әлем чемпионатының финалында Магомедрасул Меджидовтен нокаутпен жеңілген болатын. Ол рингтен дәрігерлердің көмегімен кетті. Спортшының бабына келуі үшін бір жылдай уақыт қажет болды.