Бокс: Қазақстан боксшылары 9 медаль жеңіп алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресейдің Хабаровск қаласында өткен Кеңес Одағының Батыры Константин Коротковты еске алуға арналған халықаралық турнирде Қазақстан боксшылары 2 алтын, 4 күміс және 3 қола медаль еншіледі, деп хабарлады ҚР Бокс федерациясының баспасөз қызметінен.

Атап айтқанда 75 келі салмақ санатында жарыс жолына шыққан Жәнібек Әлімханұлы ақтық кездесуінде ирандық Арагидалг Яхангирді, ал Нұржан Бекзатов (91 келіден жоғары) мажарлық Иштван Бернатты ұтып, жеңімпаз атанды.

Ал финалдық кездесуге жолдама алған Жомарт Ержан (49 кг) Ресейдің бірнеше мәрте чемпионы Василий Егоровқа, Әділет Құрметов (52 кг) қытайлық Ли Чунг Лиге, Айдар Әмірзақов (64 кг) ресейлік Виктору Миргородқа, Дәурен Елеусінов (81 кг) Еуропа чемпионы ресейлік Никита Ивановқа есе жіберіп қойды.

Қола медаль Ержан Ордабаевқа (56 кг), Сағадат Рахманқұловқа (69 кг) және Антон Пинчукқа (91 кг) бұйырды.

Айта кетейік, бұл турнирге 17 елдің 71 былғары қолғап шебері қатысқан болатын. Жалпы командалық есепте шаршы алаң иелері бірінші орынға шықса, екінші орын Қазақстан құрамасына бұйырды. Сонымен бірге үздік үштікке Әзербайжан құрамасы да табан тіреді.