Боксшының промоутерлері - Eye of the Tiger Management компаниясының берген мәліметінше, Ахмедов 21 жасқа дейін WBC нұсқасы бойынша «жастар» титулы үшін күресу құқығын алған алғашқы қазақстандық боксшы болды. Садриддин келесі жекпе-жегін 26 қаңтар күні Канаданың Монреаль қаласында өткізеді. Оның қарсыласы кім болатыны әзірге белгісіз.
Ахмедовтің соңғы жекпе-жегі 14 желтоқсан күні Эдмонтонда (Канада) өткен. Онда қазақстандық боксшы қарсыласы мексикалық Элиуд Мелендес Рочуды (14-11-2, 7 КО) бірінші раундта-ақ нокаутқа жіберді. Ахмедов кәсіби бокста өткізген алты жекпе-жектің алтауында да қарсыластарын сұлатып салған.
Еске сала кетейік, ол - жастар арасындағы әлем чемпионы.