АСТАНА. ҚазАқпарат - Тайбэйде жасөспірімдер мен жастар арасында бокстан өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандық бес боксшы қыз финалға жолдама алды.
Қазақстан бокс федерациясының сайтынан алынған мәліметке қарағанда, жасөспірімдер арасында Ләйла Құсайынова (63 кг) украиналық Анастасия Шпанюкті 2:1 есебімен ұтса, Надежда Рябец (66 кг) ресейлік Карина Кушелеваны (3:0), Дина Исламбекова (80 кг) венгриялық Вивьен Будаиды (3:0) тізе бүктірді. Ал жартылай финалда қарсыластарынан жеңіліс тапқан Жазира Орақбаева (46 кг), Владислава Кухта (57 кг), Елена Шерункова (70 кг), Гузель Садықова (75 кг) қола жүлдегер атанды.
Жастар арасында ирландиялық Наташа Логанды 3:0 есебімен жеңген Балауса Мұздиман (54 кг), украиналық Юлия Стойкодан басым түскен (2:1) ұлттық құрама капитаны Баян Ақбаева (69 кг) финалға шықты. 60 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған батысқазақстандық Назым Ищанова американдық Яйяре Гонзалездің меселін қайыра алмай, қола жүлдені қанағат тұтты. Сондай-ақ Алтын Мұқышбекова (81 кг) мен Жанель Жұмасова ( 81 кг) да қола медальмен қайтатын болды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).