Әлемдік турнирдің алғашқы күні шаршы алаңға екі отандасымыз шыққан еді. Дина Жоламан (54 келі) аргентиналық Лионелу Санчезді 3:0 есебімен тізе бүктірсе, Зарина Цолоева да (64 келі) осындай есеппен неміс боксшысы Ирина Шонбергерді жеңді.
Бүгін 51 келі салмақ дәрежесінде Мерджен Ишанкулиева румыниялық Мелинда Пантиспен, 60 келі салмақ дәрежесінде Гүлжайна Үббіниязова мысырлық Аят Әлсаидпен, 57 келі салмақ дәрежесінде Оксана Королева жергілікті боксшы Енджи Охпен, ал 69 келі салмақта Дариға Шәкімова Баянтсетсег Ньямджаргалмен (Монголия) қолғап түйістіреді. Сондай-ақ, турнир аясында Назым Қызайбай (48 келі), Анастасия Рылина (75 келі), Жұлдыз Маматқұлова ( 81 келіге дейін) және Ләззат Күнгейбаева (81 келіден жоғары) ел намысын қорғайтын болады. Айта кетелік, әйелдер арасындағы Әлем чемпионаты осымен сегізінші рет өтіп жатыр. Ол 24 қарашаға дейін жалғасады.