Бокс кеші: Нокаутқа түсіру «дәстүрін» Әли Балоев жалғады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бейбіт Шүменовтің бокс кеші аясында қазақстандық боксшы Әли Балоев Әзербайжаннан келген Казим Умудовты бірінші раундта нокаутқа түсірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық боксшы айқасты сол қолының ауыр соққылармен бастады. Осылайша, бір жағынан қарсыласын аңдып, екінші жағынан оның соққыларға шыдамдығын бағамдаған Балоевтың басымдығы алғашқы минутта байқалған еді. Осындай ұрымтал сәттердің бірінде Умудов тізерлеп отыра қалып, төреші есеп ашты. Ақыры, әзербайжандық боксшы орнынан тұрғанымен, кездесуді ары қарай жалғастырудан бас тартты.

Көрермендер Казим Умудовтан мұндай әлсіздікті күтпесе керек. Олар наразылықтарын ысқырып білдіріп жатты. Әзербайжандық осылайша кәсіпқой бокстағы алғашқы жеңілісінің дәмін татты. Ал қазақ боксшысы Әли Балоев өз отандастарына тағы бір жеңісті сыйлады.

Айта кетсек, қазіргі уақытта Бейбіт Шүменов пен Хамит Алтынкай айқасының андеркарттарының аяқталуына аз қалды. Бұған дейін аталмыш айқастың андеркартында өнер көрсеткен қазақ боксшыларының бірде-бірі жеңіліп көрген жоқ.