БОКС: Кубалықтармен күшiмiз тең - Серiк Сәпиев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Олимпиада чемпионы, 'Астана Арланс' клубының басшысы Серiк Сәпиев WSB турнирiнiң ақтық сынында қазақстандық боксшыларға өте ауыр болады деп есептейдi.

"Менiң ойымша, Ресей боксшыларымен болған жартылай финалдық кездесудегiдей болмайды. Кубалықтар қайратты және өте мықты. Ресейлiктерден үлкен қарсыластық күткен едiк. Кубалықтармен күшiмiз тең деп есептеймiн", - дедi С. Сәпиев.

"Мен кубалықтармен рингте талай кездестiм. Олар техникалық тұрғыда өте сауатты және өздерiн рингте қожайын санайды. Сондықтан оларға рингтi берiп қоймай, өз дегенiңдi, өз боксыңды мәжбүрлеуiң керек", - деп атап өттi клуб басшысы.

Еске салайық, 20-21 маусым күнi Астанада өтетiн Бүкiләлемдiк бокс сериясының ақтық сынында "Астана Арланс" осы маусымда жеңiлiп көрмеген "Куба Домадорес" боксшыларына қарсы шығады.