АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Кореяның Чеджу қаласында бокстан әйелдер арасында өткен әлем чемпионатында қазақстандық Ләззат Күнгейбаева 81 келіден астам салмақта күміс жүлдегер атанды.
Қазақстан бокс федерациясының сайтынан алынған мәліметке қарағанда, Ләззат шешуші кездесуде ресейлік Земфира Магомедалиевамен күш сынасты. Бірінші раундта қазақстандық боксшы басымдылық көрсетіп, төрешілер оны 10:9 деп бағалады. Екінші кезеңде З.Магомедалиева тізгінді өз қолына алды. Үшінші раундта төрешілер Л.Күнгейбаеваның есебіне нокдаун жазды.
Айта кетейік, бүгін Назым Қызайбай 48 келі салмақта әлем чемпионы атанған болатын. Сөйтіп бұл біріншілікте қазақтың боксшы қыздары өз тарихында алғаш рет бір алтын, бір күміс жүлдені олжалап отыр. Бұл Рио-де-Жанейрода 2016 жылы өтетін Олимпиадада қазақстандық боксшы қыздардың да жүлде алуға мүмкіндігі бар деген сөз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).