БОКС: Маңғыстау мен ОҚО - Қазақстан Кубогының финалында

None
АСТАНА. 9 желтоқсан. ҚазАқпарат - Көкшетау және Шымкент қалаларында «Қазақстандық бокс федерациясының Кубогы» үшін жартылай финалдық кездесулер болып өтті.

 Ақмола облысының командасы өз алаңында 4:6 есебімен Маңғыстаудан келген былғары қолғап шеберлеріне есе жіберді, деп хабарлайды «Еламан» спорт агенттігі.

Алғашқы екі жеңіл салмақ дәрежелері бойынша ақмолалықтар жеңіске жетіп, жалпы есепте алға шыққан болатын. Бірінші боп 49 келіде шаршы алаңға шыққан Теміртас Жүсіпов қарсыласы Жәнібек Есқуатовты үшінші раундта айқын жеңсе, 52 келідегі Әнуар Батырханов Жәнібек Мұратовты есеп айырмашылығымен тізе бүктірді. Бұдан кейін қонақтар қатарынан екі кездесуде ұтып, жалпы есепті теңестірді. Жеңіске жеткендер - Мұхит Амантаев (56 келі) пен Берік Абдрахманов (60 келі). 64 келі бойынша тепе-тең өткен кездесуде төреші жергілікті боксшы Сабыржан Бекбергеновтың қолын көтерді, Сабыржан бұл кездесуде Жәнібек Әжібайды жеңді. Бұдан соң маңғыстаулықтар қатарынан үш кездесуде өз қарсыластарынан басым түсіп, жалпы есепті 3:5-ке жеткізді. 69 келідегі тәжірибелі боксшы Сулейман Бердукаев он сегізге енді толған Андрей Лейхнерге еш мүмкіндік қалдырмаса, апта бұрын аяқталған ел чемпионатында 75 келіде ақтық сынға дейін жеткен Ерік Әлжанов тағы бір жас боксшы, спорт шеберінен үміткер Дастан Сахиды бірінші раундта нокаутқа жіберді. Ал 81 келіде ринг төріне көтерілген еліміздің мақтанышы, Лондон Олимпиадасының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов қарсыласы Михаил Герасимовты бірінші раундта-ақ бүйректен ұрып, ауыр нокаутқа жіберді. Бұл Әділбектің Олимпиададан кейін шаршы алаңға шығып тұрғаны. Осы жеңістен кейін-ақ Маңғыстау облысы құрама командасының Кубок жолындағы финалға шыққаны белгілі болды, себебі аса ауыр салмақта Ақмола командасы атынан жарияланған Жан Кособуцкий алғашқы кездесулерде Қостанай облысы атынан шыққан болатын. Бұл аталмыш жарыстың Ережесіне қайшы болғандықтан, жарыстың техникалық өкілі маңғыстаулықтардың берген қарсылығын қабыл алып, Кособуцкийді жарыстан шеттеткен еді. Сондықтан Ниязымбетовтың жеңісінен кейін Маңғыстау командасы жалпы есепті 6:3-ке жеткізіп, финалға берілетін жолдамаға қол жеткізді. Ал соңғы болып шаршы алаңға көтерілген 91 келідегі боксшылардың да кездесуі уақытынан бұрын аяқталды, себебі жергілікті боксшы Мәди Хабиев маңғыстаулық жас боксшы Мұхаммет Масақбаевты бүйректен ұрып құлатып, нокаутпен жеңіске жетті.

Ал екінші кездесуде Оңтүстік Қазақстан облысының командасы өз алаңында Алматы облысынан келген боксшыларды қабылдап, 7:3 есебімен  басым түсті. Қонақтар тек ауыр салмақтарда ғана жеңіске жете алды.

Енді 15 желтоқсан күні Астана қаласында «Дәулет» спорт сарайында Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстары кездесетін болады. Бұл екі команда да бұған дейін финалда өнер көрсеткен болатын. 2010 жылы оңтүстікқазақстандықтар Астана қаласының боксшыларына есе жіберсе, былтыр Маңғыстау командасы 4:6 есебімен Қарағанды облысының былғары қолғап шеберлерінен тізе бүккен еді. Енді міне, қос командаға да екінші мүмкіншілік туып тұр. 15 желтоқсанда жаңа Кубок иегерін анықтайтын боламыз.