БОКС: Мейвезер Майданаға $1,5 млн. төлеуге дайын

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Әлемнің ең үздік боксшылары рейтингінің көшбасшысы Флойд кіші Мейвезер үстіміздегі жылы 13 қыркүйекте аргентиналық Маркос Майданамен екінші рет жекпе-жекке шығуды жоспарлап отыр.

Майдананың кеңесшісі Себастьян Контурсидің айтуына қарағанда, әлі келісім жасалған жоқ, бірақ ол туралы 5 күннен кейін шешім қабылданады. Алдағы болатын сайыста қолғапқа қатысты тағы да қызық жағдай туындайын деп отыр. Өйткені, естеріңізде болса, бірінші кездесудің алдында қолғаптарды тексеру барысында Мейвезер Майдананың Everlast компаниясы жасаған негізгі қолғаптарын «талапқа сай емес» деп жаратпай тастаған еді. Невада штатының комиссиясы (NSAC) бұл тұжырымды мақұлдады, бірақ Everlast-тың MX модельді запастағы жұп қолғабының нормаға сай екендігі туралы қаулы шығарды. Мейвезер болса: «Майдана бәрібір басқа модельдегі қолғаппен шығуы тиіс. Егер ол тіпті комиссия мақұлдаған запастағы қолғаппен шыққан күннің өзінде мен оған қарсы рингке шықпаймын» - деп мәлім етті. Бұл дау Майдана Everlast-тың MX емес, Powerlock үлгісіндегі қолғабын киіп шығуға келісім берген соң ғана шешілді. Аllboxing.ru сайтының хабарлауынша, ESPN порталының ақпарат көзінен алған мәліметіне сәйкес, алдағы екінші кездесуде Майдананың кепілдендірілген сыйақысы 4,2 миллион долларды құрайды. Бұл жерде ең қызығы сол, Майдана егер өзінің үйреншікті Everlast MX моделі емес, тағы да Мейвезер мақұлдаған басқа үлгідегі қолғаппен шығатын болса, Мейвезер оған қосымша 1,5 миллион АҚШ долларын төлеуге дайын екен. Бірінші кездесуде Майдананың сыйақысы дәл 1,5 миллион АҚШ доллары болғанын естеріңізге саламыз.