БОКС: Окендо WBA нұсқасы бойынша Грозныйда Чагаевпен әлем чемпионы атағына таласады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Америкалық Фрес Окендо аса ауыр салмақта Бүкіләлемдік боксшылар қауымдастығының нұсқасы бойынша әлемнің «Тұрақты чемпионы» атағы үшін өзбекстандық Руслан Чагаевпен жекпе-жекке шығу үшін Грозныйға келетін болды.

Америкалық БАҚ-тың хабарлауынша, боксшы командасымен Чикагодан Польша астанасы Варшаваға ұшып кеткен. Сол жерден чартерлік рейспен Грозныйға барады. Сайыс «Ахмат-Арена» стадионында 6 шілде күні өтеді.

Бұған дейін промутерлермен өзара келісе алмағандықтан Окендо сайыстан бас тартты деген ақпарат тараған болатын. Сол себепті 3-4 шілдеде жоспарланған баспасөз мәслихаты және ашық жаттығу жиыны да өтпейтін болып, ұйымдастырушылар оның орнына басқа кандидат - босниялық Александр Петкович, америкалық Шеннон Бриггспен келісімсөздер жүргізе бастаған.

Алайда, ортақ келісімге келген Окендо ақыры Грозныйға баратын болды.

Бүкіләлемдік боксшылар қауымдастығының нұсқасы бойынша әлемнің «Тұрақты чемпионы» атағын былтыр күзде ресейлік Александр Поветкиннің украиндық Владимир Кличкодан жеңілгенінен кейін бос тұрғаны белгілі. Естеріңізге сала кетейік, ол кездесуде Кличко әлемнің «Суперчемпионы» титулын қорғап қалған болатын.

Айта кеткен жөн, Чагаев рингте 32 рет (20 нокаут) жеңіске жеткен, 2 рет жеңілген. Ал Окендоның жекпе-жекте 37 жеңісі (24 нокаут) 7 жеңілісі бар.