Бокс: Сербиядағы халықаралық турнирде төрт қазақстандық финалға шықты

НҰР-CҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сербияда өтіп жатқан бокстан Belgrade Winner халықаралық турнирінде төрт қазақстандық финалға жолдама алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Халықаралық турнирде Василий Левит (91 келі) финалға шықты. Ол жартылай финалда Грекиядан келген Нантизанян Вагканды сүріндірді.

52 келіде шаршы алаңға шыққан Сәкен Бибосынов румыниялық Гирлен Косминнен мықты екенін көрсетті.

Ал 63 келіде сынға түскен Ертуган Зейнулинов сербиялық боксшыны жарыс жолынан шығарды.

Сондай-ақ, Нұрбек Оралбай (81 келі) ресейлік спортшының осал тұсын тапты.

Әлем және Азия чемпионатында жүлдегерлер қатарынан көрініп жүрген Абылайхан Жүсіпов (69 келі) бұл жолы ресейлік қарсыласына есе жіберді.

Қола жүлдені қанағат тұтқандар қатарында Нұрқанат Райыс (75 келі) пен Нұрлан Сапарбай (91 келіден жоғары) да бар.