Кәсіби бокстан екі түрлі салмақтағы чемпион Фируза Шәріпова және финляндиялық WBC әлем чемпионы Ева Вальстрем белбеулерін тікті. Бұл туралы қазақстандық арудың менеджері Сергей Завилейский айтып берді.
«Шәріпова мен Вальстремнің жекпе-жегінде 59 келі салмақтағы екі титул тігіледі. Бұл титулдар Виталия Кличко, Леннокс Льюис сияқты ауыр салмақтағы әйгілі екі боксшының жекпе-жегінде де қойылған. Фируза IBO Championship дәрежесіндегі чемпиондық белбеуді, Ева өз кезегінде WBC жеңімпазы атағын ұсынды. Кездесу жайында бітімге келдік, келісімшартты да егжей-тегжейлі қарап шықтық. Тек нақты күн мен аренаны анықтау ғана қалды. Қазір осы шаруалармен айналысудамыз», - деді Сергей Завилейский.
Естеріңізге сала кетсек, Фируза Шәріпова мен Ева Вальстремнің кездесуі желтоқсан айына жоспарланған. Жерлесіміз 8 қыркүйек күні Санкт-Петербургте Юлия Куценкомен күш сынасқан еді. Ал финдік жеңімпаз соңғы рет 6 сәуірде Хельсинки қаласында американдық Мелисса Сент-Вилизбен айқасқан.
Айта кету керек, Ева Вальстрем қарсыласының соңғы жекпе-жегіне қатысып, көз түйістіріп қайтқан болатын.