НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Иордания астанасы Амман қаласында бокстан Азия чемпионатында жасөспірімдер арасында өткен жарыс жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық спортшылар ұлдар мен қыздар арасында 6 алтын, 7 күміс, 9 қола медаль алды. Нәтижесінде жалпы командалық есепте үшінші орынға тұрақтады.
Ел құрамасынан алтын медальға ұлдардан Айдар Қадырхан (52 келі), Төрехан Сабырхан (57 келі), Ахмет Үсен (63 келі) және Санжар-Әли Бегалиев (66 келі) қыздардан Аружан Жаңабаева (66 келі) және Құралай Егінбайқызы (80 келі) чемпиондық тұғырға көтерілді.
Өзбекстан боксшылары 11 алтын, 6 күміс және 3 қола медаль алып, жалпы командалық есепте көш бастады. Ал екінші орынға тұрақтаған Үндістан жастары 8 алтын, 7 күміс және 10 қола медаль алды.
Айта кетсек, бүгін, 14 наурызда құрлықтық додада жастар арасында финалдық жекпе-жектер өткізіледі. Ел құрамасынан барлығы 14 боксшы сынға түседі.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.