Боксшыларымыз Олимпиададан кемі 3-4 медаль алып келеді деп сенемін – Ермахан Ыбрайымов

Фото: kfb.kz

АСТАНА. KAZINFORM — Франция астанасы Парижде өтетін XXXIIІ Жазғы Олимпиада ойындарының басталуына санаулы ғана күндер қалды. Бүгін спортшыларымыздың алғашқы легі Алматыдан Парижге аттанып кетті. Осы орайда, қазақтың даңқты боксшысы, 2000 жылғы өткен Олимпиада ойындарының чемпионы, 1996 жылғы Олимпиада ойындарының және 1997, 1999 жылғы әлем чемпионаттарының жүлдегері Ермахан Ыбрайымовпен сұхбаттасып, спортшыларымыз туралы пікірін сұраған едік.

- Ермахан Сағиұлы, Париж Олимпиадасы жақындап келеді. Кеше ғана өзіңіз де олимпиадашыларымызды Парижге аттандыру салтанатты шарасына қатысып қайттыңыз. Спортшыларымыздың Олимпиадаға дайындығы қалай?

- Иә, кеше олимпиадашыларымызды Парижге шығарып салу салтанатты шарасына барып келдім. Іс-шара өте жоғары деңгейде өтті. Спортшыларымызға батамызды бердік. Біздің жолымызды берсін деп тіледік. Жалпы, спортшыларымыздың көңіл күйі өте көтеріңкі болды. Жалындап тұрған жастарымызды көрдім. Ішінде осыған дейін бір емес, екі рет, үш рет Олимпиадаға қатысқан тәжірибелі спортшыыларымыз да бара жатыр. Сол үшін Парижде бір емес, бірнеше рет көк туымыз желбірейді деген сенімдемін.

- Өзіңіз даңқты боксшы, талантты бапкер ретінде қай боксшыға басты үміт артып отырсыз?

- Енді боксшыларға оралатын болсақ, біздің ерлер құрамасы өздеріңіз білетіндей, толық құрамда жеті салмақтан Олимпиадаға жолдама алды. Осы жеті салмақтан бара жатқан барлық боксшыларымыз жүлдеге лайықты. Әркім өз салмағының үздігі. Бас бапкер Мырзағали Айтжанов кіл мықтыларды сайдың тасындай іріктеді. Енді оның шәкірттері Олимпиададан кемі 3-4 медаль алып береді деп сенемін. Биыл боксшылардан бір немесе екі чемпион шығып қалар деген үміттемін.

- Олимпиада ойындарында қазақ боксшыларына ең мықты қарсылас қай елдің боксшылары болуы мүмкін?

- Биылғы Париж Олимпиадасына жер бетінен толық құрамда жолдама жеңіп алған екі-ақ ел бар. Оның бірі – біздің Қазақстан. Ал екіншісі – Өзбекстан. Демек, біздің басты қарсыластарымыз осы көрші ағайындар болатыны сөзсіз. Алайда өзбек боксшыларын біз де жақсы білеміз. Осыған дейін талай сындарда жігіттеріміздің жолы түйісіп жүр. Боксшылар кімнің кім екенін жақсы біледі. Жалпы қазақ боксшылары ешқашан қарсыластарынан қаймығып көрмеген. Ең бастысы спортшыларымыз жарысқа дейін жарақат алып қалмай, рингке бабында шықса екен дейміз. Жеребе оңынан түсіп, сәттілік серік болсын деп тілейміз.

- Әңгімеңізге рақмет!